Білім

Қашықтан оқытуды онлайн оқытумен шатастырмау қажет

6 сәуірден бастап еліміздің білім беру мекемелерінде сабақ телеарналар арқылы өткізілуі мүмкін. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл тетіктің, әсіресе, интернет қуаты әлсіз және қажетті құрал-жабдықтарға қатысты қиындықтары бар ауылдық білім беру ұйымдары үшін өзекті екендігін айтады.

Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында отандық білім беру жүйесі үшін қашықтан оқыту форматына көшу үлкен сынақ екендігін айтып, республика аумағында бұл бағыт бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығын анық көрсеткен.

— Біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Оның құрамына қашықтан білім беру саласында жұмыс істейтін «Bilimland», «Daryn.online», «Күнделік», «Univer», «Platonus», «EduPage», БИЛ, «BTS education», «U-study» и «AGS» сынды ұйымдардың өкілдері және педагогтер, әдіскерлер, мектеп директорлары, директорлардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және жоғары оқу орындарының проректорлары енді, — деген министр қашықтан оқытуды онлайн оқытумен шатастырмау керек екендігін айтады.

— Қашықтық форматының ұғымы әлдеқайда ауқымды және бірден бірнеше әдістерді пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай формат сабақты геймификациялауға (ойын түрінде өткізуге), өзін-өзі ширау деңгейін арттыруға, ең бастысы, оқытуды дербестендіруге мүмкіндік береді. Бұл — біз қол жеткізуге ұмтылып отырған қажетті әрі тиімді оқыту жүйесі, — дейді.

Оның айтуынша, елімізде бұл жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Мәселен,  тапсырмаларды беруді, олардың орындалуын тексеруді, бағалауды және кері байланысты қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді енгізу және білім алушылар бейне-сабақтарға қатысып, тапсырмалар алып, қажет болған жағдайда педагогтердің өз сыныбымен онлайн-талқылау, бағалау бойынша немесе бейне-стриминг сервистерін пайдалана алуын қамтамасыз ететін жүйелерді іске қосу секілді жұмыстар көзделіп отыр. Педагогтер мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын дамыту қажет екендігі де басты назарда тұрғандығын айтқан министр олар үшін арнайы курстар өткізіліп, нұсқаулықтар дайындалатындығын хабарлады. Қазірдің өзінде мұғалімдер үшін цифрлық ресурстарды пайдалану бойынша біраз видеодәрістер әзірленген. Инклюзивтік білім беру, жаңа технологиялардың қолжетімділігіне қатысты принциптер ескерілетін болады.

Сондай-ақ ол өз жазбасында сабақтарды телеарналар арқылы өткізуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығы туралы да айтады.

— Телеарналар арқылы сабақ өткізуге дайындалудамыз. Онда бейне-сабақтар сабақ кестесіне сай көрсетілетін болады. Бұл тетік, әсіресе, интернет қуаты әлсіз және қажетті құрал-жабдықтарға қатысты қиындықтары бар ауылдық білім беру ұйымдары үшін өзекті. Біз үшін барлық сабақ орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сай оқу бағдарламасы бойынша, сабақ кестесіне сәйкес, цифрлық білім беру ресурстары бойынша әдістемелік қолдаумен және мультимедиалық материалдармен қамтамасыз етіліп, ұстаздар үшін алдын ала әзірленген жоспар бойынша жүргізілгені маңызды. Бастысы, білім алу тетігі сапаға теріс әсер етпеуі қажет, — деген министр 5 сәуірге дейін ақпараттық жүйелерді дайындап үлгеру керектігін және оларды тиісті контентпен қамтамасыз етіп, сынап көру қажеттігін айтады. Сөз соңында республиканың бас ұстазы біріккен түрде елімізде қашықтан оқытудың сапалы жүйесін құра алатындығымызға сенім білдіріп, әрдайым кері байланыс пен ұсыныстарды, тың идеяларды қуана қабылдайтындығын жеткізді.

Айта кетейік, ЮНЕСКО-ның ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 107 мемлекетте орта білім беретін мектептер толық жабылған. Бұл – 861 миллион оқушы білім алуын тоқтатты деген сөз. Бұған қоса 12 елдің кейбір қалаларында орта білім беру ошақтары жұмыс істемейді. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттің алдында осы үдеріс салдарын азайту және үздіксіз білім беруді қамтамсыз ету үшін мүмкіндік жасау міндеті тұр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button